$ 486.19 € 554.26 ₽ 6.51

Денсаулық сақтау министрлігі Ербаян Мұхтардың неден көз жұмғанын мәлімдеді

Абдрахманов Мағжан
24 маусым 2026, 10:07
Денсаулық сақтау министрлігі Ербаян Мұхтардың неден көз жұмғанын мәлімдеді

Ұлттық ұланның әскери бөлімінде мерзімді қызмет кезінде ауыр жарақат алған Ербаян Мұхтар екі жарым жыл өмір үшін күрескеннен кейін қайтыс болды. Бұл туралы 24 маусымда оның отбасының адвокаты Инга Иманбай хабарлады.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, дәрігерлер 2023 жылдан бері науқастың өмірін сақтап қалуға тырысқан. Алайда ауыр жарақат салдарынан оның жағдайы аса ауыр күйде қалып, тұрақты түрде қарқынды ем жүргізілгеніне қарамастан жақсармаған.

Ведомствоның хабарлауынша, маусым айында Ербаянның жағдайы күрт нашарлап, сепсис пен бірнеше ағзаның қызметінің жеткіліксіздігі дамыған.

«2026 жылғы 23 маусымда сағат 21:40-та пациенттің биологиялық өлімі тіркелді. Өлімнің тікелей себебі – көп ағзаның жеткіліксіздігі синдромы болды», – деп мәлімдеді министрлік.

Ербаян Мұхтар 2023 жылы әскери қызметін өтеп жүрген кезде ауыр жарақат алған. Оның оқиғасы қоғамда кең талқыланып, Қазақстан армиясындағы қауіпсіздік мәселесіне қатысты сұрақтарды қайта көтерген еді.

Соңғы жаңалықтар