$ 510.19 € 582.79 ₽ 6.46

Былтыр 42 қаржы пирамидасы жойылды

Редакция
08 қаңтар 2025 08:11 3515
Былтыр 42 қаржы пирамидасы жойылды Сурет авторы: Shutterstock

Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдап, ведомствоның 2024 жылы атқарған жұмысының қорытындысы және алдағы кезеңге арналған міндеттері туралы мәлімет алды.

Жанат Элиманов Агенттік жұмысының нәтижесінде көлеңкелі экономиканың деңгейі 1,3 пайызға төмендегенін атап өтті. 2023-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспардың іс-шаралары аясында 1312 қылмыстық іс тергеліп, 236,8 миллиард теңге көлеміндегі залал өтелді. Сонымен қатар 152,3 миллиард теңге қылмыстық кіріс тәркіленіп, 42 қаржы пирамидасы жойылды. Алаяқтық схемаларды жарнамалайтын 15 мыңнан астам сайт пен аккаунт бұғатталып, 2 миллионнан астам азаматтың қаржылай шығынға ұшырауының алдын алды.

Агенттік қызметкерлері заңсыз бюджет шығындарының 120 миллиард теңгеге алдын алып, 11,7 мың онлайн-казино сайтына тосқауыл қойды. Сондай-ақ жалған қаржылық операциялар жүргізген 1787 заңды тұлғаның қызметі тоқтатылды. Қазақстан, Беларусь және Ресей қаржы барлаушыларының бірлескен операциясы нәтижесінде үш ірі «наркошоп» жабылып, 35 наркодилер ұсталды.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Агенттік жұмысының негізгі бағыттары бойынша нақты тапсырмалар берді.

Соңғы жаңалықтар