$ 461.37 € 542.16 ₽ 6.14

БҰҰ өкілдері Өңірлік экологиялық саммиттің ұйымдастырылу деңгейіне жоғары баға берді

Редакция
23 сәуір 2026, 14:42
БҰҰ өкілдері Өңірлік экологиялық саммиттің ұйымдастырылу деңгейіне жоғары баға берді Сурет авторы: Ақорда

Әлемде геосаяси тұрақсыздық өршіп, «күш көрсету» саясаты халықаралық құқықты ығыстырып жатқан тұста, Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның ең ықпалды өкілдерімен стратегиялық келіссөз өткізді. Ақордаға жиналған делегация құрамында БҰҰ Бас хатшысының орынбасарларынан бастап, Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым мен ФАО басшыларына дейін болды.

Мемлекет басшысы бүгінгі таңдағы әлемдік тәртіптің сын сағатында тұрғанын ашық айтты. Ол халықаралық шиеленістерге қарамастан, экологиялық апаттар мен су тапшылығына қарсы тек жұдырықтай жұмылу арқылы төтеп беруге болатынын қадап айтты. Тоқаев мырза БҰҰ-ның беделін арттыруға бағытталған «UN80» бағдарламасын қолдайтынын білдіріп, Қазақстанның әділетті мемлекет құру жолындағы реформаларын таныстырды.

Кездесудің ең маңызды тұсы – Қазақстанның жаһандық бастамалары. Президент БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру идеясын тағы да нақтап, Алматы қаласындағы БҰҰ-ның Өңірлік орталығы Орталық Азия мен Ауғанстан үшін негізгі диалог алаңына айналатынын жеткізді.

БҰҰ өкілдері өз кезегінде Тоқаевтың экологиялық саммиттегі сөзін «мазмұнды әрі батыл» деп бағалап, Қазақстанның бастамаларына толық қолдау білдіретіндерін растады. Бұл кездесу – еліміздің тек өңірлік емес, жаһандық деңгейдегі ойыншы ретіндегі беделін тағы бір мәрте айқындап берді.

Соңғы жаңалықтар