$ 465.01 € 543.55 ₽ 6.15

Бұралқы иттерді қайтарымсыз аулау моделі сақталады

Редакция
06 мамыр 2026, 13:00
Бұралқы иттерді қайтарымсыз аулау моделі сақталады Сурет авторы: Мәжілістің баспасөз қызметі/ Ж.Жұмабеков

Парламент Сенаты жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша заң жобасына бірқатар нақтылаушы түзетулер енгізді. Бұл туралы Мәжілісте депутат Ерболат Сатыбалды баяндама жасады.

Оның айтуынша, түзетулер иесіз жануарлардың санын реттеу тәртібін нақтылауға бағытталған. Атап айтқанда, бұл мәселелер жергілікті өкілді органдардың құзыретіне беріледі, сондай-ақ иесіз жануарлар ұғымы нақтыланған.

«Қаралып отырған заңға Сенат тарапынан бірқатар нақтылаушы сипаттағы түзетулер енгізілді. Жалпы алғанда Мәжіліс қабылдаған заңның тұжырымдамасы өзгеріссіз сақталады», – деді депутат.

Сонымен қатар жануарларды жансыздандыру туралы шешімді ветеринариялық қорытынды негізінде қабылдау нормасы толықтырылған. Бұралқы иттерді қайтарымсыз аулау моделі де сақталған.

Депутаттың айтуынша, жануарларды есепке алу мәселесі ерекше маңызды.

«Қарапайым тілмен айтқанда, егер жануар есепке алынбаса, оның иесін анықтау мүмкін емес. Ал иесі анықталмаса, жауапкершілік те болмайды», – деді Ерболат Сатыбалды.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев жануарларға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастырудың және иелерінің жауапкершілігін күшейтудің маңызын атап өткені айтылды.

Депутаттар жануарларды тіркеу мен чиптеу тетіктерін нақтылау қажет деп есептейді. Бұл нормалар алдағы уақытта заң жобасының келесі қаралымында пысықталатын болады.

Соңғы жаңалықтар