$ 441.89 € 502.56 ₽ 5.19
2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы жалпыұлттық аза тұту күні

Бүгін Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні

Абдрахманов Мағжан
25 қыркүйек 2026, 06:24
Бүгін Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні Сурет авторы: Kazinform

Бүгін, 25 қыркүйекте Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 24 қыркүйектегі №334 өкімімен Маңғыстау облысында қызметтік міндетін атқару кезінде әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты аза тұту жарияланды. 

Қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде болды. Соңғы мәлімет бойынша, 12 әскери қызметші қаза тапты, үшеуі құтқарылды. Тағы екі әскери қызметшіні іздеу жалғасып жатыр. 

Тулар төмен түсіріледі

«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңға сәйкес, жалпыұлттық аза тұту кезінде мемлекеттік және әкімшілік ғимараттардағы Мемлекеттік ту ту бағанының жартысына дейін төмен түсіріледі. 

Мәдени-бұқаралық шаралар тоқтатылады

25 қыркүйекте ел аумағында мәдени-бұқаралық іс-шаралар тоқтатылады. Мәдениет және ақпарат министрлігі бұқаралық ақпарат құралдарына, телерадио хабарларын тарату операторларына және мемлекеттік органдарға аза тұту күніне арналған арнайы ұсынымдар әзірледі. 

БАҚ пен сайттарға қандай ұсыным берілді?

Министрлік ақпарат құралдары мен мемлекеттік органдардың сайттарына «2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы Жалпыұлттық аза тұту күні» деген қара түсті баннер орналастыруды ұсынды.

Сондай-ақ сайттардан жарнамалық баннерлерді, ойын-сауық және интерактивті элементтерді алып тастау, дыбыстық сүйемелдеуді өшіру ұсынылды. Аза тұтуға қатысты материалдардағы пікір жазу мүмкіндігін өшіру немесе пікірлерді қатаң қадағалау қарастырылған. 

Телерадио хабарларын тарату операторларына ойын-сауық және жарнамалық мазмұндағы шетелдік телеарналар мен радиоарналарды таратудан бас тарту ұсынылды. БАҚ-қа қаза тапқандардың денесі, қан және басқа да ауыр көріністер бар фото-бейнелерді жарияламау жөнінде де кеңес берілді. 

Каспийдегі қайғылы оқиға

Маңғыстау облысында 24 қыркүйекте әскери оқу-жаттығу кезінде ауа райы күрт бұзылып, әскери қызметшілерді теңізге алып кеткен. Алғашқы ресми мәліметте теңізге 19 әскери қызметші кеткені хабарланған. 

Қазір 12 әскери қызметшінің қаза тапқаны белгілі. Үш адам құтқарылды, тағы екі әскери қызметшіні іздеу жалғасып жатыр. Оқиғаның мән-жайын Үкіметтік комиссия анықтайды. Қылмыстық істер қозғалды. 

Соңғы жаңалықтар