$ 479.26 € 546.21 ₽ 6.13

Биыл көктемде 21 мыңнан астам азамат әскери қызметке аттанды

Абдрахманов Мағжан
02 шілде 2026, 11:02
Биыл көктемде 21 мыңнан астам азамат әскери қызметке аттанды Сурет авторы: inbusiness.kz

Қазақстанда көктемгі әскерге шақыру науқанының қорытындысы бойынша 21 мыңнан астам азамат мерзімді әскери қызметке аттанды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, олардың 11 мыңнан астамы Қарулы күштер қатарына жіберілді. Сондай-ақ 7 мыңнан астам азамат Ұлттық ұланда, екі мыңға жуығы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінде әскери борышын өтейді.

Бұдан бөлек, шамамен 400 адам Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелеріне, ал 300 азамат Мемлекеттік күзет қызметіне шақырылған.

Қорғаныс министрлігі мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген жастарға бірқатар әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылғанын еске салды. Атап айтқанда, олар үшін несие төлемдерін кейінге қалдыру мүмкіндігі беріледі.

Сонымен қатар жауынгерлік даярлықта жоғары нәтиже көрсеткен әскери қызметшілер жоғары оқу орындарына мемлекеттік білім грантымен түсе алады. Ал қалған сарбаздарға ұлттық бірыңғай тестілеусіз ақылы негізде оқуға түсу мүмкіндігі қарастырылған.

Соңғы жаңалықтар