$ 536.32 € 626.9 ₽ 6.6

Биыл 335 млрд теңге заңсыз жұмсалған: Тоқаев Қаржы министрін қабылдады

Абдрахманов Мағжан
08 қазан 2025 17:49 66
Биыл 335 млрд теңге заңсыз жұмсалған: Тоқаев Қаржы министрін қабылдады Сурет авторы: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржы министрі Мәди Тәкиевті қабылдады. Кездесуде республикалық бюджеттің орындалуы, салық түсімдері және мемлекеттік қаржыны цифрландыру барысы талқыланды.

Министрдің айтуынша, биыл республикалық бюджетке 21,6 триллион теңге кіріс түскен. Оның 15,2 триллионы – салық түсімдері, бұл өткен жылмен салыстырғанда 23,4 пайызға жоғары. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша бюджет 101,6 пайызға орындалған.

Мәди Тәкиев мемлекеттік сатып алу рәсімдерін қысқарту, ашықтықты арттыру және отандық тауар өндірушілерді қолдау бағытында қабылданып жатқан шаралар жөнінде баяндады. Сонымен қатар Big Data жүйесін дамыту және жасанды интеллектіні салық пен кеден саласына енгізу жұмыстары жүріп жатқанын айтты.

Министр Мемлекет басшысына мемлекеттік аудит нәтижелерін де ұсынды:

«Биылғы 8 айда 791 тексеріс жүргізіліп, жалпы сомасы 337,5 миллиард теңге қаржының заңсыз жұмсалғаны анықталды», – деді ол.

Президент мемлекеттік қаржының тұрақтылығын қамтамасыз ету және барлық әлеуметтік міндеттемелердің орындалуын жалғастыру қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ цифрландыру мен бақылаудың заманауи тетіктерін дамыту маңызын ерекше айтты.

Соңғы жаңалықтар