$ 510.19 € 582.79 ₽ 6.46

Билет бағасын негізсіз көтерген: Fly Arystan әуе компаниясына қатысты тергеу басталды

Редакция
03 сәуір 2025 02:53 3707
Билет бағасын негізсіз көтерген: Fly Arystan әуе компаниясына қатысты тергеу басталды Сурет авторы: FlyArystan

Fly Arystan әуе компаниясына қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Әуе компания билет бағасын негізсіз көтерді деген күдікке ілінді. Бұл туралы Сенатта өткен шарада Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Болат Сәмбетов хабарлады.

«Қазір Fly Arystan компаниясына қатысты монополиялық жоғары баға белгілеу мәселесі бойынша тергеу жүріп жатыр. Егер заңбұзушылық дәлелденсе, тиісті шаралар қабылданады», – деді ол.

Сәмбетовтің айтуынша, монополиялық жоғары баға деген – әуе компаниясының белгілі бір бағыттағы билет бағасын өзге компанияларға қарағанда негізсіз жоғары қоюы.

«Алдымен нарықта үстемдік ету жағдайы анықталады. Егер компания нарыққа әсер етіп, негізсіз жоғары баға белгілесе, бұл монополиялық әрекет деп саналады», – деді агенттік өкілі.

Заңбұзушылық дәлелденсе, компанияға әкімшілік айыппұл салынады. Оның көлемі компания айналымының 5%-ын құрайды, сонымен қатар, негізсіз алынған табыс тәркіленіп, бағаны төмендету туралы нұсқама беріледі.

Бұған дейін де аталған компанияға қатысты осындай тергеулер жүргізілген.

Соңғы жаңалықтар