$ 499.65 € 582.89 ₽ 6.47

Бензин бағасына қойылған мораторий қашанға дейін сақталады?

Абдрахманов Мағжан
22 қазан 2025 15:50 386
Бензин бағасына қойылған мораторий қашанға дейін сақталады? Сурет авторы: tatnp.ru

АИ-92 бензині мен дизель отынының бағасын көтеруге тыйым салу (мораторий) кемінде 2026 жылдың көктеміне дейін жалғасады. Бұл туралы вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Мәжілістегі брифингте айтты.

Еске салайық, 16 қазанда елде жанармай бағасының өсуіне мораторий енгізілген болатын. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов бұған дейін шектеу «инфляция деңгейі тұрақталғанша» сақталатынын мәлімдеген еді.

"Мораторий кемінде келесі жылдың көктеміне дейін күшінде болады. Біз алдымен көрші елдердегі жағдайдың тұрақтануын күтеміз. Себебі біз бағалық айырманы қысқартуға тырысқанымызбен, ол қайтадан ұлғайып жатыр. Бұған екі себеп бар: біріншіден, айырбас бағамының өзгеруі, екіншіден, кейбір көрші елдерде жанармай тапшылығы туындаған. Ал тапшылық бағаның өсуіне әкеледі", – деді Жұманғарин.

Министрдің айтуынша, Қазақстанда баға мемлекет тарапынан реттеліп отыр, ал көрші елдердің көпшілігі мұндай саясат жүргізбейді. Бұл жағдай ішкі нарықтағы тұрақтылықты сақтауды қиындатады.

"Бізде баға саясаты мен салалық реформаларды талқылау ашық жүргізіледі, ал кейбір елдерде бұл үдерістердің ашықтығы жеткіліксіз", – деді ол.

Соңғы жаңалықтар