$ 510.19 € 582.79 ₽ 6.46

Бас төреші көкпардағы дауға байланысты пікір білдірді

Редакция
13 қыркүйек 2024 07:49 4345
Бас төреші көкпардағы дауға байланысты пікір білдірді Сурет авторы: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

12 қыркүйекте V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының көкпардан финалында Қазақстан мен Қырғызстан кездесті. Есеп 5:4 есебімен Қазақстан құрамасының пайдасына шешілді. Көкпар барысында құрамалар арасында дау шықты. Әлеуметтік желілерде де екі елдің жанкүйерлері балағат сөздер жазып жатты. Бас төреші Тастанбек Есентаев дауға қатысты пікір білдірді, деп хабарлады "Kazakhstan Sport" Telegram арнасы.

"Көкпардағы ереже бұзылған сәтті 10 мәрте қарадық. Ойынның ішінде қамшымен ұрдық дегенді көрмедік. Бірақ бұл жайт ойыннан тыс уақытта болды. Қырғыздардың басты талабы біздің ойыншыны қызыл қағазбен шеттету еді. Бірақ біздің ережеде ондай көрсетілмегендіктен, 2 минут алаңнан шығардық. Ары қарай бәсеке таза өтті деп ойлаймын", – деді бас төреші. 

Есентаевтың айтуынша, төрешілер тарапынан ешқандай өрескел қателік болмады. Ол дұрыс шешім шығарылды деп санайды.

"Наразылық марапаттау сәтінде де жалғасып, қырғыз көкпаршылары мерзімінен бұрын кетіп қалды. Бұл – мәдениетсіздік. Осындай жайттар үшін міндетті түрде шара қолданылады. Қырғыз көкпаршылары 2-3 жылға шеттетіледі немесе ақшалай айыппұл салынады. Нақтысын қазір айта алмаймын", – деп пікірін айтты ол.

Соңғы жаңалықтар