$ 441.88 € 503.61 ₽ 5.24

«Балаларымызды сақтап қала алмадық. Кешіріңіздер»: Қорғаныс министрі қаза тапқан әскерилердің отбасыларына көңіл айтты

Абдрахманов Мағжан
26 қыркүйек 2026, 06:49
«Балаларымызды сақтап қала алмадық. Кешіріңіздер»: Қорғаныс министрі қаза тапқан әскерилердің отбасыларына көңіл айтты Сурет авторы: Видеодан кадр

Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов Маңғыстау облысында қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына барып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту жеделхатын табыстады.

Министр қара жамылған отбасыларға көңіл айтып, болған жағдай үшін кешірім сұрады.

«Басымды иіп, сіздердің алдарыңызға келіп тұрмын. Көңілімді білдірейін деп. Бұл қайғы сіздердің ғана емес, барлық қазақ елінің қайғысы. Кешіріңіздер. Балаларымызды сақтап қала алмадық. Азаматымыздың иманы саламат болсын. Кінәлілер жазасын алады. Сіздерге сабыр тілеймін», – деді Дәурен Қосанов.

Бұған дейін Президент Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиғадан қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына жеке көңіл айту жеделхаттарын жолдаған. Мемлекет басшысы қаза тапқандардың мемлекеттік наградаларға ұсынылатынын, ал отбасыларына қажетті көмек берілетінін мәлімдеген.

24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауындағы әскери оқу-жаттығу кезінде 17 әскери қызметшіні теңіз ағысы алып кеткен. Үш адам аман қалып, 14 әскери қызметші қаза тапты. Оқиғаға байланысты тергеу жүріп жатыр.

Соңғы жаңалықтар