$ 464.02 € 536.18 ₽ 5.54

Бақытжан Базарбек жол-көлік оқиғасынан кейін алғаш рет пікір білдірді

Абдрахманов Мағжан
17 тамыз 2026, 14:48
Бақытжан Базарбек жол-көлік оқиғасынан кейін алғаш рет пікір білдірді Сурет авторы: Facebook/@Бакытжан Базарбек

Мәжілістің бұрынғы депутаты Бақытжан Базарбек Жамбыл облысында өзінің қатысуымен болған жол оқиғасына алғаш рет пікір білдірді. Ол тергеу жүріп жатқандықтан, оқиғаның мән-жайын әзірге жариялай алмайтынын айтты.

Базарбектің сөзінше, ол және жұбайы сотқа дейінгі тергеу деректерін жарияламау туралы қолхат берген.

«Менің қатысуыммен болған жол-көлік оқиғасына қатысты көптеген болжамдар мен түрлі әңгімелерге жауап бере алмаймын және көп нәрсені жазуға да мүмкіндігім жоқ. Қозғалған сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында мен және жұбайым сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етпеу туралы қолхат бердік», – деп жазды ол.

Бұрынғы депутат қазір қажетті сараптамалар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Ол тергеу органдары оқиғаның барлық мән-жайына әділ баға береді деп сенетінін айтты.

Базарбек жол оқиғасында зардап шеккен адамның жағдайына алаңдап отырғанын да жеткізді.

«Қазір мен үшін ең бастысы – зардап шеккен азаматтың өзіне, жақындары мен туыстарының қасында болып, оларға қажетті көмек көрсету. Біз бірнеше күн бойы іс жүзінде ұйықтамай, оның туған-туыстарымен бірге оның сауығып кетуін тілеп, дұға жасап отырмыз», – деді ол.

Базарбек әлеуметтік желіде оқиғаға қатысты әртүрлі нұсқа тарап жатқанын айтып, тергеу аяқталғанға дейін асығыс қорытынды жасамауға шақырды.

Бұған дейін Жамбыл облысының Полиция департаменті Тұрар Рысқұлов ауданындағы жол оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған. Полицияның алдын ала мәліметінше, Toyota жүргізген Б. есімді азамат жолдың жүріс бөлігіндегі ер адамды қағып кеткен. Зардап шегуші аудандық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген, дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалаған.

Соңғы жаңалықтар