$ 542.29 € 629.54 ₽ 6.77

Бағанашылдағы балалар үйі дауы: Үш шенеунік қызметінен босатылды

Абдрахманов Мағжан
12 тамыз 2025 09:59 302
Бағанашылдағы балалар үйі дауы: Үш шенеунік қызметінен босатылды Сурет авторы: ҚР Президент Әкімшілігі

Алматы облысындағы Бағанашылдағы балалар үйі төңірегіндегі дау шенеуніктердің қызметінен кетуіне себеп болды. Kazinform-ның хабарлауынша, облыс әкімінің орынбасары Болат Күренбеков, облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева және ішкі саясат басқармасының басшысы Ерік Абитов қызметінен босатылды. Сонымен қатар облыс әкімінің бірінші орынбасарына қатаң сөгіс жарияланды.

Бұл оқиға Бағанашылдағы №1 балалар үйін Қонаевқа көшіру дауына байланысты туындады. Былтыр ақпанда облыстық әкімдік балалар үйін Қонаевта салынып жатқан жаңа ғимаратқа көшіруді көздеген еді. Алайда балалар омбудсмені Динара Зәкиева бұл мекеме Алматыда қалатынын мәлімдеген. Сол күні облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қазіргі тәрбиеленушілер Алматыда қалатынын, ал жаңа қабылданатын балалар Қонаевтағы 240 орындық кешенге орналастырылатынын түсіндірді.

Биыл 21 шілдеде балаларды көшіру басталған. Бірақ желіде күштеп көшіру сәтінен түсірілген видео тараған соң, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев араласып, көшіруді тоқтатуды және балалар үйін Алматыда жөндеуден өткізуді тапсырды. Қазір Президент Әкімшілігі қызметтік тексеру жүргізіп жатыр, ал облыс әкімдігі өз ішіндегі тексерісін аяқтады.

Соңғы жаңалықтар