$ 458.48 € 534.68 ₽ 5.43

БАӘ-де апалы-сіңлілі қазақстандықтар өлі табылды

Абдрахманов Мағжан
26 тамыз 2026, 09:26
БАӘ-де апалы-сіңлілі қазақстандықтар өлі табылды Сурет авторы: ТАСС

Біріккен Араб Әмірліктерінің Шарджа қаласында Қазақстанның екі азаматы қаза тапты. Бұл ақпаратты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі растады. Қаза тапқандардың туысының ZTB-ге айтуынша, екі әйел 17 тамыздан бері байланысқа шықпаған.

Туысының сөзінше, апалы-сіңлілі екі әйел 2025 жылғы 19 желтоқсанда Дубайға сұлулық салонында жұмыс істеу үшін барған. Кейін Шарджада тұрған. Олар отбасымен үнемі хабарласып отырған, алайда 17 тамызда байланыс үзіліп, жіберілген хабарламалар жетпей қалған.

Осыдан кейін отбасы консулдыққа жүгінген. Туыстарының айтуынша, өтініш қабылданғанымен, полиция көрсетілген мекенжайға екі-үш күннен кейін барған.

«Кеше олардың пәтерден өлі табылғанын, күдіктінің ұсталғанын хабарлады. Әзірге мәйіттерді елге жеткізбейді, тағы бір апта күтуімізді сұрап отыр», – деді қаза тапқандардың туысы.

Отбасы әйелдердің мәйіті пәтерде қанша уақыт жатқаны туралы мәлімет жоқ екенін айтады. Туыстарының сөзінше, кісі өлтіруге күдікті де – Қазақстан азаматы. Олар істі жедел тергеп, кінәлі адамды жауапқа тартуды және мәйіттерді Қазақстанға тезірек жеткізуді сұрап отыр.

Сыртқы істер министрлігі қаза тапқандардың отбасымен байланыста екенін және қажетті көмек көрсетіліп жатқанын мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар