Қазақстанда азық-түлік бағасының қымбаттауын қосылған құн салығының (ҚҚС) өзгеруімен байланыстыру дұрыс емес. Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Мәжіліс кулуарында осылай деп мәлімдеді.
– Мұнда түрлі фактор бар. Біз барлық азық-түлікпен өзімізді толық қамтамасыз ете алмаймыз. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың басым бөлігі бойынша өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі 70–90 пайыз шамасында. Ал адамдар тек әлеуметтік маңызы бар өнімдерді ғана тұтынбайды. Басқа тауарлардың бір бөлігі импорт болуы мүмкін, – деді ол.
Министрдің айтуынша, азық-түлік бағасының өсуі тек Қазақстанға тән құбылыс емес. Қазір әлемнің көптеген елінде сүт пен ет өнімдерінің бағасы өсіп жатыр.
Серік Жұманғарин сондай-ақ қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдеріне шетелдік нарықта сұраныс артқанын атап өтті. Соның салдарынан фермерлер өнімін сыртқы нарыққа сатуға көбірек қызығушылық танытады.
– Біз фермерлерге «экспортқа шығармай, ішкі нарықта сатыңыздар» деп айтамыз. Бірақ олар өз өнімінен көбірек табыс тапқысы келеді. Сондықтан ішкі нарықтағы бағаны көтеруі мүмкін. Оған тыйым сала алмаймыз, әйтпесе бұл сала тартымсыз болып қалады. Қазір біз мал шаруашылығын дамыту бағдарламасын дайындап жатырмыз, – деді вице-премьер.