$ 546.36 € 630.44 ₽ 6.7

AZAL ұшағының апатына қатысты тергеу есебі неге әлі шыққан жоқ?

Редакция
04 ақпан 2025 07:07 4736
AZAL ұшағының апатына қатысты тергеу есебі неге әлі шыққан жоқ? Сурет авторы: ҚР ТЖМ

AZAL әуе апатын тексеру жөніндегі комиссия алдын ала тергеу қорытындысын жариялау мерзімін сақтай алмады. ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев мамандарға қосымша уақыт қажет екенін мәлімдеді.

"Қазір сарапшылар барынша қарқынды жұмыс істеп жатыр. Олар соңғы кезеңге жақындады. Алдын ала есеп жақын күндері біздің сайтта жарияланады деп күтіп отырмыз", – деді Қарабаев үкімет отырысында.

Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) ережесіне сәйкес, алдын ала есеп әуе оқиғасынан кейін 30 күн ішінде дайын болуы тиіс. Бұған дейін ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев бұл есеп 27 қаңтар мен 2 ақпан аралығында жарияланатынын айтқан еді, бірақ бұл мерзім орындалмады.

Еске салсақ, 2024 жылғы 25 желтоқсанда AZAL әуе компаниясының Баку – Грозный бағытындағы ұшағы Ақтаудан бірнеше шақырым жерде апатқа ұшырады. Әуе кемесінде 62 жолаушы (Әзербайжан, Ресей, Қырғызстан және Қазақстан азаматтары) мен 5 экипаж мүшесі болған. 38 адам қаза тапты, оның ішінде алтауы – Қазақстан азаматы. Апаттан 29 адам аман қалды, олардың қатарында екі бортсерік бар.

Соңғы жаңалықтар