$ 472.31 € 543.72 ₽ 5.86

«Әйелімді шәкіртіме үйлендірдім»: ҚМДБ Құрбанәлі Ахметтің даулы сұхбатына қатысты пікір білдірді

Редакция
02 сәуір 2026, 16:23
«Әйелімді шәкіртіме үйлендірдім»: ҚМДБ Құрбанәлі Ахметтің даулы сұхбатына қатысты пікір білдірді Сурет авторы: видеодан кадр

Құрбанәлі Ахметтің журналист Жанар Байсемізге берген сұхбаты қоғамда қызу талқыланғаннан кейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ресми пікір білдірді.

Бас мүфтидің кеңесшісі, ҚМДБ ұстазы Смайыл Сүйерқұлұлы ажырасу мәселесіне қатысты шариғи түсініктеме беріп, ислам дінінде ажырасу құпталмайтын іс екенін айтты.

Оның сөзінше, ерлі-зайыптылар мүлде түсінісе алмаған жағдайда ажырасуға рұқсат етіледі, алайда әдейі ажырасып, әйелін басқа адамға тұрмысқа беруге бағытталған әрекеттер шариғатта құпталмайды.

Сондай-ақ ол қоғам талқысына түскен Құрбанәлі Ахмет Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында қызмет етпейтінін атап өтті.

«Қоғам талқысына түскен Құрбанәлі Ахмет есімді азамат Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында қызмет етпейді. Ол кісімен діни басқарманың ешқандай байланысы жоқ», – деді Смайыл Сүйерқұлұлы.

Бас мүфтидің кеңесшісі мұсылман адамның қателігі үшін ислам дінін айыптамауға шақырды.

Еске салайық, Құрбанәлі Ахмет сұхбатында екінші әйелін қайын атасы «сыйлағанын» және оны бірінші әйелінің рұқсатынсыз алғанын айтқан.

"Ол қабырғам кейін менімен ұрысып қалып "болды, сенімен ажырасамын, байға тиемін" деп жынданды. "Сен ақымақсың ғой, мен саған бай тауып берейін" дедім де, жақсы шәкіртіме үйлендірдім", – деді ол.

Кейін Алматы қаласының Дін істері басқармасы Құрбанәлі Ахметті діни қызмет саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 490-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты.

 

Соңғы жаңалықтар