$ 467.58 € 543.66 ₽ 6.44

Атырауда бүтін бір отбасының өмірін қиған күдікті қылмысқа неліктен барғанын айтты

Абдрахманов Мағжан
18 мамыр 2026, 14:44
Атырауда бүтін бір отбасының өмірін қиған күдікті қылмысқа неліктен барғанын айтты Сурет авторы: qamqor.gov.kz

Атырау облысында бұрынғы әйелінің төрт бірдей туысын өлтірді деп айыпталған 40 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиев сот залында кінәсін толық мойындап, қылмысқа не итермелегенін айтты. Бұл жөнінде «Ақ Жайық» басылымы хабарлады. Сотталушы бұл қадамға отбасын сақтап қалу үшін барғанын мәлімдеп, жасаған ісі үшін кез келген жазаны өтеуге дайын екенін жеткізді.

Мемлекеттік айыптаушы Мирас Бауыржановтың сөзінше, Сәрсемәлиевке адам өлтіруден бөлек, ұрлық, алаяқтық және құжаттарды заңсыз иемдену баптары бойынша да айып тағылған. Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, ол алдымен қайын ағасы Наурыз Мұқанғалиевті жалдамалы үйде асүй пышағымен өлтіріп, ізін жасыру үшін денесін аулаға көмген. Одан кейін марқұмның атына 4 миллион теңгеден астам несие ресімдеп, отбасына тиесілі малды сатып, банк карталарындағы қаражатты жымқырған.

Сот барысында белгілі болғандай, айыпталушы мен марқұмдардың кіші қызы Ақбаян Мұқанғалиева 2022 жылы ресми түрде ажырасқанымен, бірге тұруын жалғастырған. Бесінші баласы дүниеге келген соң әйелдің денсаулығы нашарлап, психикалық ауытқулар пайда болған. Айыптаушы тарап қыздың ата-анасының бұл жағдайға тым жиі араласуы Сәрсемәлиевтің оларға деген өшпенділігін күшейткенін алға тартты. Өз кезегінде сотталушы марқұмдардың тарапынан қысым мен қорқытулар болғанын, туыстары оларды ажырасуға дейін жеткізгенін мәлімдеді.

Айта кетейік, Сұлтан Сәрсемәлиев қылмыстық істі алқабилердің қатысуымен қараудан бас тартып, процесті кәсіби судьяның жүргізгенін қалады. Ол өзіне тағылған барлық айыптар мен жүргізілген сараптама қорытындыларымен толық келісті.

Соңғы жаңалықтар