$ 445.65 € 508.71 ₽ 5.3

Атбасар қаласында заманауи стандарттарға сай жаңа вокзал ашылды

Редакция
24 қыркүйек 2026, 17:29
Атбасар қаласында заманауи стандарттарға сай жаңа вокзал ашылды

Ақмола облысының Атбасар қаласында тұрғындар мен қала қонақтары үшін ұзақ күткен маңызды оқиға орын алды: мұнда заманауи талаптарға сай жаңа теміржол вокзалы ресми түрде пайдалануға берілді. Жоба Мемлекет басшысының ескі теміржол инфрақұрылымын жаңғырту туралы тапсырмасы аясында жүзеге асты.

1956 жылы бой көтерген ескі ғимарат толықтай апатты деп танылып, бұзылған болатын. Оның орнына салынған жаңа нысанның жалпы ауданы жертөле қабатын қосқанда 823 шаршы метрді құрайды. Сонымен қатар, вокзал айналасындағы 6400 шаршы метрден астам аумақ толық абаттандырылып, ұзындығы 380 метрден асатын жағалаулық және аралдық платформалар заманауи брусчаткамен қапталды.

Жаңа нысанда жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігі үшін барлық жағдай жасалған:

  • Ана мен бала бөлмесі, балалардың ойын аймағы және медициналық пункт жұмыс істейді.

  • Заманауи кіріп-шығуды бақылау жүйесі орнатылған.

  • Ерекше қажеттіліктері бар жандар үшін арнайы санитарлық бөлмелер, Брайль қарпіндегі нұсқаулықтар, тактильді плиткалар мен дыбыстық жүйелер қарастырылған.

Обыстық маңызы бар нысанның ашылу салтанатына Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Көлік министрлігінің өкілдері мен «ҚТЖ» ҰК» АҚ басшылығы қатысты. Мердігер компания басшысы Мадияр Саттыбаевтың айтуынша, бұл ғимарат өңірдегі жаңғырту бағдарламасы аясында тапсырылған негізгі нысандардың бірі болды.

Жалпы, қазіргі уақытта бұл бастама ауқымды сипатқа ие: еліміз бойынша 124 теміржол вокзалын кешенді түрде жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Соңғы жаңалықтар