$ 473.4 € 539.39 ₽ 6.07

«Атамекеннің» бұрынғы басшысы Абылай Мырзахметов бостандыққа шықты

Абдрахманов Мағжан
28 шілде 2026, 17:53
«Атамекеннің» бұрынғы басшысы Абылай Мырзахметов бостандыққа шықты Сурет авторы: Атамекен ҰКП

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы басшысы Абылай Мырзахметов түрмеден босатылды. Павлодар облыстық соты оның мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырған, деп хабарлады өңірлік Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті.

Мырзахметовтің өтелмеген жаза мерзімі бостандығын шектеуге ауыстырылды. Ол пробация қызметінің есебіне қойылды және сот белгілеген талаптарды орындауға міндетті. Соның ішінде Қазақстан аумағынан шығуға тыйым салынған.

Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, пробация қызметкерлері оның міндеттер мен шектеулерді сақтауын тұрақты қадағалап, тексеру жүргізеді.

2024 жылғы мамырда сот Мырзахметовті аса ірі көлемдегі алаяқтық жасағаны үшін бес жылға бас бостандығынан айырған. Сондай-ақ 5,8 млрд теңгені тәркілеу туралы шешім шығарылған.

Тергеу дерегінше, ол кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың туысынан оны қамаудан босатуға ықпал етемін деп 13,9 млрд теңге алған. Мырзахметов 2023 жылғы мамырда ұсталған еді.

Ол бұған дейін де жазасын жеңілдетуді сұраған, алайда сот өтінішін қанағаттандырмаған. Кейін Мырзахметов мерзімінен бұрын босату туралы қайта өтініш берген.

Соңғы жаңалықтар