$ 499.65 € 582.89 ₽ 6.47

Ата-баба ізімен: Шымкенттен велосипедпен шыққан жігіт Меккеге жетті

Абдрахманов Мағжан
01 желтоқсан 2025 18:33 2198
Ата-баба ізімен: Шымкенттен велосипедпен шыққан жігіт Меккеге жетті Сурет авторы: Instagram/ anatolyroma

Шымкент тұрғыны Ролан Анатолы велосипедпен шамамен 8 мың шақырым жол жүріп, қасиетті Мекке қаласына жетті. Ерекше сапарға 49 күн кеткен.

Роланның бағыты бірнеше елді қамтыды: Қазақстан – Ресей – Грузия – Армения – Иран – Біріккен Араб Әмірліктері – Қатар – Сауд Арабиясы. Иран мен БАӘ арасындағы теңіз жолын ол пароммен кесіп өткен.

Алайда саяхатшы қасиетті Медина қаласына тікелей велосипедпен кіре алмады. Мәреге санаулы шақырым қалғанда оны жергілікті полиция тоқтатқан. Ролан бұл сәтті сапардың ең ауыр әрі эмоционалды кезеңі деп атады.

Оқиға күтпеген жерден шешімін тапқан. Роланның жағдайы туралы Stories арқылы хабардар болған Ұмра сапарларын ұйымдастыратын компания Сауд Арабиясының құқық қорғау органдарымен байланысып, оның сапар мақсатын түсіндірген. Нәтижесінде компания арнайы көлік жіберіп, саяхатшыны Мәдинаға дейін жеткізген, сондай-ақ қонақүй мен демалыс орнын ұсынған.

Саяхатшының айтуынша, жол бойы түрлі елдердің тұрғындары оған қолдау білдіріп отырған. Бірі су мен тамақ ұсынып, енді бірі құрма сыйлап, рухани мотивация берген.

Оның сапары әлеуметтік желілерде үлкен қолдау тауып, қазақстандықтар оны табандылығы мен рухани ерлігі үшін алғыс білдіріп жатыр.

Соңғы жаңалықтар