$ 469.71 € 536.17 ₽ 6.01

Астанадағы қонақүйлердің бірінен нәрестенің денесі табылды

Абдрахманов Мағжан
15 шілде 2026, 18:00
Астанадағы қонақүйлердің бірінен нәрестенің денесі табылды Сурет авторы: Pixabay

Астана қаласындағы қонақүйлердің бірінен шала туған сәбидің денесі табылып, осы оқиғаға байланысты 29 жастағы әйел ұсталды. Бұл жөнінде елордалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Оқиғаның мән-жайына сүйенсек, Астанадағы тұрғын үйлердің бірінің ортақ кәріз жүйесінен алты айлық шала туған нәрестенің денесі табылған. Әлеуметтік желілерде тараған ақпарат бойынша, көршілес орналасқан қонақүйге келушілердің бірі бөлмеде босанып, содан кейін сәбидің денесін кәріз жүйесіне ағызып жіберген болуы мүмкін.

Тәртіп сақшыларының мәліметінше, жыл басынан бері аталған қонақүйден «102» арнасына 19 хабарлама келіп түскен. Оның ішінде тыныштықты бұзғаны үшін 13 адам, ал қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін тағы 3 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Осыған байланысты полиция қызметкерлері қонақүй иесіне қылмыстық және өзге де құқық бұзушылықтардың жасалуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы ресми ұсыну енгізді.

Соңғы жаңалықтар