$ 450.62 € 504.2 ₽ 5.36

Астанада жолаушыға әдепсіз ұсыныс айтқан inDrive жүргізушісі 10 тәулікке қамалды

Абдрахманов Мағжан
14 қазан 2026, 09:42
Астанада жолаушыға әдепсіз ұсыныс айтқан inDrive жүргізушісі 10 тәулікке қамалды Сурет авторы: shutterstock

Астанада жолаушы әйелге әдепсіз ұсыныс айтқан 42 жастағы такси жүргізушісі 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Істі 13 қазанда Астананың әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады.

Бұған дейін қала тұрғыны Threads желісінде inDrive жүргізушісінің әрекетіне шағынған. Әйелдің айтуынша, сапар кезінде жүргізуші оған интим сипаттағы сұрақтар қойып, жыныстық қатынас ұсынған.

Жолаушы жүргізушінің белгіленген бағыттан басқа жолмен кеткенін айтып, қауіптенген. Ол көлікті тоқтату үшін сылтау тауып, құрбысына телефон соға бастаған. Осыдан кейін жүргізуші сапар ақысын төлеуді сұраған.

Әйелдің әлеуметтік желідегі жазбасынан кейін полиция 42 жастағы жүргізушіні анықтады.

Сот жүргізушінің кінәсі әкімшілік іс материалдарымен, хаттамамен, оның кінәсін мойындаған жауабымен, полиция инспекторының баянатымен және жәбірленушінің түсініктемесімен дәлелденгенін хабарлады.

Сот оны ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алды.

Соңғы жаңалықтар