$ 462.91 € 542.16 ₽ 6.16

Астанада тіс емдету кезінде 20 жастағы жігіт қайтыс болды

Абдрахманов Мағжан
04 мамыр 2026, 17:15
Астанада тіс емдету кезінде 20 жастағы жігіт қайтыс болды Сурет авторы: unsplash

Астанада стоматологиялық клиникада тіс емдету кезінде 20 жастағы тұрғын қайтыс болды. Бұл деректі қалалық полиция департаменті растады.

Ведомство мәліметінше, оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталған. Қазіргі уақытта қажетті сараптамалар тағайындалып, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Марқұмның туыстарының айтуынша, емдеу барысында оған анестезия жасалғаннан кейін жағдайы күрт нашарлаған. Олар медициналық қызметкерлердің әрекетіне күмән келтіріп, салғырттық болуы мүмкін екенін алға тартқан.

Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, екпе алдында аллергиялық сынама жасалмаған болуы мүмкін. Сондай-ақ процедураны тәжірибеден өтіп жүрген маман жүргізгені және дәрігер тарапынан бақылау жеткіліксіз болғаны айтылған. Алайда бұл мәліметтер ресми түрде расталған жоқ.

Мамандардың айтуынша, стоматологияда қолданылатын жансыздандыру препараттары кей жағдайда ауыр аллергиялық реакция туындатуы мүмкін. Сондықтан мұндай процедуралар кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау маңызды.

Соңғы жаңалықтар