$ 487.17 € 565.65 ₽ 6.72

Астанада саябақты өртеген жасөспірімдер анықталды

Редакция
17 маусым 2026, 15:29
Астанада саябақты өртеген жасөспірімдер анықталды Сурет авторы: КазТаг

Астана қалалық полиция департаменті елордалық саябақтардың бірінде көгалды өртеді деп күдікке ілінген жасөспірімдерді анықтады.

Бүгін таңертең «112» қызметіне Астананың Алматы ауданында орналасқан «Триатлон саябағы» аумағында өрт шыққандығы туралы хабарлама түсті. Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндірушілері оқиға орнына алты минут ішінде жетіп, 25 шаршы метр аумақты жайлаған жалынды толық сөндірді. Оқыс оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ.

Алдын ала мәліметтер бойынша, таңертең ерте уақытта ересектердің қарауынсыз қалған төрт жасөспірім саябақ аумағындағы көгалға қасақана от қойған. Құқық қорғау органдары оларды полиция бөлімшесіне жеткізіп, тергеу амалдарын бастады. Аталған дерек бойынша «Бөтеннің мүлкін қасақана жою» бабымен қылмыстық іс қозғалды.

Полиция қызметкерлері кәмелетке толмаған балалардың әрекеті үшін олардың заңды өкілдері де жауапқа тартылатынын мәлімдеді. Ата-аналар «бала тәрбиесіндегі міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны үшін» әкімшілік жауапкершілікке жүктеледі.

 

 

Соңғы жаңалықтар