$ 469.85 € 542.16 ₽ 5.78

Астанада «Пари Сен-Жермен» клубының ресми футбол академиясы ашылады

Редакция
05 тамыз 2026, 09:56
Астанада «Пари Сен-Жермен» клубының ресми футбол академиясы ашылады Сурет авторы: psg.fr

Қыркүйек айында елордада әлемге танымал француздық «Пари Сен-Жермен» (PSG) клубының ресми балалар академиясы өз жұмысын бастайды, деп хабарлайды PSG. Осылайша, Қазақстан даңқты ұжымның халықаралық PSG Academy желісі енген 24-ші мемлекет атанды.

Академияның алғашқы оқу-жаттығу орталығы елордадағы «Air Arena» спорт кешенінде орналасады. ФИФА талаптарына толық сай келетін жабық футбол алаңы жас спортшыларға ауа райының қолайсыздығына қарамастан, жыл бойы үздіксіз дайындалуға мүмкіндік береді.

Алғашқы маусымда орталық 6 мен 14 жас аралығындағы 300-ге жуық ұл мен қызды қабылдауды жоспарлап отыр. Балалар жас ерекшелігі мен шеберлік деңгейіне қарай топтарға бөлініп, дайындық процесі париждік клубтың ресми әдістемесі бойынша жүргізіледі.

PSG Academy Kazakhstan жобасының негізін қалаушы - кәсіпкер Алмаз Альсенов. Жоба жетекшісінің айтуынша, басты мақсат - өсіп келе жатқан ұрпаққа әлемдік деңгейдегі спорттық білімді қолжетімді ету және олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау.

Сондай-ақ жоба бұқаралық футболды дамытуға әрі отандық бапкерлердің біліктілігін шыңдауға серпін береді. Орталықтың барлық жаттықтырушылары PSG Academy арнайы бағдарламасынан өтіп, Парижден келген техникалық мамандардың үздіксіз әдістемелік қолдауына ие болады.

Елордада басталған бұл бастама кейіннен Қазақстанның басқа да өңірлеріне таратылады деп күтілуде.

Соңғы жаңалықтар