$ 532.74 € 617.23 ₽ 6.77

Астанада Парадқа дайындық басталды

Редакция
27 наурыз 2025 02:32 4002
Астанада Парадқа дайындық басталды Сурет авторы: ҚР Қорғаныс министрлігі

Елордада Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери шеруге дайындық басталды. Биыл мерейтойлық шараға Қарулы күштер мен әскери құрылымдардан төрт мыңнан аса сарбаз қатысады.

Әсіресе, Құрлық әскерлерінің «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты теңіз жаяу әскерлерінің дайындығы ерекше. Ақтау гарнизонынан іріктеуден өткен 170-тен астам офицер, сержант пен жауынгер әскери парадқа қатысу үшін Астанаға келді. Олардың арасында мерзімді қызметтегі 160 сарбаз бар.

"Парадқа қатысушылар бар жағынан мұқият іріктеуден өтті. Бұл біз үшін үлкен мәртебе және жауапкершілік. Өйткені, әскери шеру – бейбітшілік үшін өз жандарын құрбан еткен батырларға деген құрмет", – дейді теңіз жаяу әскері бригадасы командирінің орынбасары, майор Берік Алманиязов.

Қазір теңіз жаяу әскерлері елордадағы уақытша орналастыру пунктіне жеткізілген. Олар алдағы күндері қарқынды дайындық жұмыстарын бастамақ.

Жалпы, биылғы парадқа төрт мыңнан астам әскери қызметші, оның ішінде 200-ден аса әскери қызметші әйел қатысады. Сондай-ақ, мерекелік шеруде 200-ден аса әскери техника мен авиация қатысады деп жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар