$ 470.8 € 545.99 ₽ 6.6

Астанада ерекше баланы қатарластары соққыға жыққан

Абдрахманов Мағжан
25 мамыр 2026, 10:58
Астанада ерекше баланы қатарластары соққыға жыққан Сурет авторы: standret / Getty Images

Астанада сөйлеу және психикалық дамуы тежелген жасөспірімді қатарластары ұрып-соққан. Бұл ақпаратты Астана қаласының полиция департаменті растады.

Оқиға туралы жәбірленушінің анасы әлеуметтік желіде жазған. Оның айтуынша, баласына мектептен шыққаннан кейін шабуыл жасалған.

«Ұлымды артынан келіп тұншықтырып, ұра бастаған. Оған 15-тен астам соққы жасалды. Басқалары жанында тұрып, ешкімді жақындатпай ұстап тұрған. Балам не үшін бұлай болғанын да түсінбеді», – деді ол.

Анасының сөзінше, оқиға кезінде басқа оқушылар қарап тұрған, күліп, ұялы телефонға түсірген.

Полиция мәліметінше, күдікті жасөспірімнің заңды өкілі бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оған 10 айлық есептік көрсеткіш ((2026 жылы 43 250 теңге) көлемінде айыппұл салынған.

Сонымен қатар құқық қорғау органдары мектеп әкімшілігі мен ата-аналардың қатысуымен құқықбұзушылықтың алдын алу жөнінде кеңес өткізген.

Соңғы жаңалықтар