$ 543.24 € 619.89 ₽ 6.78

Астанада бес айлық сәбидің миына ота жасалды

Редакция
07 қараша 2024 03:12 2175
Астанада бес айлық сәбидің миына ота жасалды

Балалар нейрохирургиясы бөлімінің дәрігерлері 5 айлық нәрестеге миының сол жақ қарыншасында орналасқан ісікті алып тастау үшін күрделі операция жасады. Бұл ісік жұлынми сұйықтығының ағуын қиындатып, мида сұйықтықтың жиналуына және ішкі гидроцефалияға себеп болған, сондай-ақ, миішілік қысымды жоғарылатып, нәрестенің өміріне қауіп төндірген.

Нәрестенің анасы қызының денсаулығында алғаш өзгерістерді 4 айлығында байқапты. Бала мазасызданып, әлсіздік көрсетіп, жиі құсып, көру және есту қабілеті нашарлаған.

Тексеріс нәтижесінде дәрігерлер нәрестенің миында 37x22x36 мм көлемінде туа біткен ісік бар екенін анықтады. Жағдай шұғыл әрекет етуді талап еткендіктен, сәби санавиациямен Ұлттық нейрохирургия орталығына жеткізіліп, оған микрохирургиялық ем жасалды.

Операцияны орталықтың тәжірибелі нейрохирургтары Ғабит Өлеңбай мен Сапарбек Сейтбеков жүргізді, ал анестезиолог-реаниматолог Джумадулла Шадиев, анестезиолог мейіргері Динара Сұлтанханова, операциялық мейіргер Балғын Шал көмектесті. Ота жоғары технологиялық жабдықтарды және заманауи анестезия әдістерін қолданып, МӘМС жүйесі арқылы тегін жасалды.

Қазіргі уақытта нәрестенің жағдайы тұрақты, есту қабілеті қалпына келіп, ұйқысы жақсарған. Дәрігерлер әрі қарайғы емдеу жоспарын ісіктің гистологиялық зерттеу нәтижелеріне қарай анықтайтын болады.

Соңғы жаңалықтар