$ 536.32 € 626.9 ₽ 6.6

Астана мен Алматыда жолақы 500 теңге болуы керек – энергетика министрінің экс-кеңесшісі

Абдрахманов Мағжан
13 қазан 2025 13:12 747
Астана мен Алматыда жолақы 500 теңге болуы керек – энергетика министрінің экс-кеңесшісі Сурет авторы: gov.kz

Энергетика министрінің бұрынғы кеңесшісі, сарапшы Олжас Байділдинов қоғамдық көліктегі субсидиялау жүйесін сынға алып, жолақыны нарықтық деңгейге дейін көтеру қажет екенін айтты. Бұл туралы ол өзінің Telegram арнасында жазды.

Сарапшының айтуынша, Петропавлда тасымалдаушыларға мемлекет тарапынан субсидиялар төленбей келеді, бұл саладағы «түсініксіздік пен жемқорлық тәуекелдері» ашық байқалады.

«Петропавлда тасымалдаушылардың айтуынша, өзін-өзі ақтайтын баға – 345 теңге. Ал субсидияны үшінші жыл төлемей келеді. Бұл саладағы мемлекеттік субсидиялар жүйесі ашық емес, жемқорлыққа бейім және пайдаланушылар үшін ешқандай сапа әкелмейді», – деп жазды Байділдинов.

Ол Астана мен Алматыдағы жағдайды да мысалға келтірді.

«Астана мен Алматыда жолақының нақты нарықтық құны шамамен 500 теңге болуы керек. Алматыда былтыр ғана автобус тасымалына шамамен 200 миллион доллар бөлінді. Бірақ сіздер сапаны көріп отырсыздар ма?» – деді сарапшы.

Байділдиновтің пікірінше, қазіргі тариф жүйесі әділетсіз: үш аялдама жүрген жолаушы мен бір жарым сағат жол жүретін адам бірдей ақы төлейді.

«Жолаушылар қашықтыққа қарай әртүрлі баға төлеуі керек. Бұл – нарықтық әрі әділ шешім. Субсидиялар жүйесін жойып, нарықтық тетіктерге көшу қажет. Ерте ме, кеш пе, бәрібір осыған келеміз», – деп түйіндеді ол.

Соңғы жаңалықтар