$ 486.19 € 554.26 ₽ 6.51

Әскерде ауыр жарақат алған сарбаз Ербаян Мұхтар қайтыс болды

Абдрахманов Мағжан
24 маусым 2026, 09:57
Әскерде ауыр жарақат алған сарбаз Ербаян Мұхтар қайтыс болды Сурет авторы: instagram/erbayan2024

Ұлттық ұлан қатарында міндетті әскери борышын өтеп жүріп, жұмбақ жағдайда басынан қатты жарақат алған сарбаз Ербаян Мұхтар қайтыс болды. Бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында заңгер Инга Иманбай хабарлады.

Ақпарат көзінің мәліметінше, ұзақ уақыт бойы ауыр халде емделіп жатқан Ербаянның бүгін, 24 маусым күні жүрегі тоқтаған. Ол әскери қызметте алған зардаптың салдарынан төрт ай бойы аурухананың жансақтау бөлімінде жатып, кейін үйінде ем қабылдауды жалғастырған болатын.

Естеріңізге сала кетейік, қайғылы оқиға 2023 жылдың желтоқсан айында орын алған еді. Ол кезде әскери бөлім басшылығы сарбазды «дәретханада құлап, басын кафельге соғып алды» деп мәлімдеген. Алайда Ербаян Мұхтардың туыстары мен жақындары бұл жағдайдың жазатайым оқиға болғанына сенбейді және оны әскерде соққыға жығып, мертіктірді деп есептейді.

«Өкінішке қарай, бүгін Ербаянның жүрегі тоқтағанын білдік. Ербаянды біз тек ауыр тағдырдың иесі ретінде емес, әскердегі қауіпсіздік үшін күрестің символы ретінде есте сақтаймыз. Қош бол, батыр Ербаян», – деп жазды заңгер Инга Иманбай.

Соңғы жаңалықтар