$ 446.56 € 512.34 ₽ 5.3

Асель Қанай Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды

Абдрахманов Мағжан
21 қыркүйек 2026, 14:36
Асель Қанай Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды Сурет авторы: Спорт министрлігі

Каратэден Қазақстан құрамасының өкілі Асель Қанай Жапонияның Айчи–Нагоя қалаларында өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында күміс медаль жеңіп алды.

61 келіге дейінгі салмақтағы кумитэ бәсекесінің финалында қазақстандық спортшы Қытай өкілі Гун Лиге жол берді. Оның қарсыласы – Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, әлем чемпионы және Ханчжоудағы Азия ойындарының жеңімпазы.

Асель Қанай ширек финалда Моңғолия өкілі Маралжинго Пуревжавты 9:1 есебімен жеңді. Жартылай финалда Камбоджа спортшысы Чакрия Ванннан 3:0 есебімен басым түсіп, шешуші сынға жолдама алды.

Бұл нәтиже Қанайдың Азия ойындарындағы жеке көрсеткішін жақсартты. Ол бұған дейін Ханчжоудағы Азия ойындарында қола жүлде иеленген еді. Осылайша, қазақстандық каратэші құрлық додасында қола жүлдеден күміске көтерілді.

Асель Қанай бұған дейін әлем чемпионатының қола жүлдегері атанып, Азия чемпионатында топ жарған.

Қазақстан құрамасы Айчи–Нагоядағы Азия ойындарында каратэден бұған дейін екі алтын жеңіп алды. Жоламан Биғабыл 55 келіге дейінгі салмақта чемпион атанса, Софья Берульцева 68 келіден жоғары салмақта жеңіске жетті.

Соңғы жаңалықтар