$ 490.21 € 566.93 ₽ 6.81

Арыста үш адамның өмірін қиған қайғылы оқиғаның мән-жайы белгілі болды

Редакция
09 маусым 2026, 10:54
Арыста үш адамның өмірін қиған қайғылы оқиғаның мән-жайы белгілі болды Сурет авторы: t.me/kozachkow

Арыс қаласында болған жол-көлік оқиғасы салдарынан екі бала мен жүкті әйел қаза тапты. Қайғылы оқиғаға қатысты жаңа деректер белгілі болды, деп хабарлайды otyrar.kz

Алдын ала мәлімет бойынша, JAC маркалы автокөлікті басқарған  әйел рөлге ие бола алмай, қоршауды бұзып өтіп, үй маңындағы орындықта отырған адамдарды қағып кеткен. Жол апатынан кейін жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткенімен, кейін полиция қызметкерлері оны ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады.

Қайғылы оқиға 6 маусым күні кешке болған. Куәгерлердің айтуынша, көлік жоғары жылдамдықпен келіп, бес адамды қағып кеткен. Апат салдарынан жүкті әйел мен екі бала қаза тапты.

Жол апатынан зардап шеккен екі адам ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлердің мәліметінше, 30 жастағы әйелдің жағдайы орташа ауыр. Ал бір жарым жастағы сәби ауыр халде облыстық балалар ауруханасына ауыстырылған. Дәрігерлер балаға ми шайқалуы, кеуде қуысы сүйектерінің бірнеше жабық сынуы және сан сүйегінің сынуы диагнозы қойылғанын хабарлады.

Түркістан облысы Полиция департаменті жол-көлік оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Тергеу барысында жүргізушінің мас күйде болғаны анықталған.

Соңғы жаңалықтар