$ 487.02 € 552.23 ₽ 6.51

Арменияда Нұрлан Сабуровтың концерті дау туғызды

Абдрахманов Мағжан
25 маусым 2026, 15:06
Арменияда Нұрлан Сабуровтың концерті дау туғызды Сурет авторы: видеодан кадр

Арменияда қазақстандық әзілкеш Нұрлан Сабуровтың 5 шілдеге жоспарланған концертіне қарсылық күшейді. Әлеуметтік желілерде басталған науқаннан кейін оның Еревандағы концертіне тыйым салу туралы талаптар айтылуда.

Бойкот бастамасын Threads әлеуметтік желісінің қолданушысы Валерий Клименченко көтерген. Ол жергілікті билікті әзілкештің гастроліне назар аударуға шақырып, Ереванның Канакер-Зейтун әкімшілік ауданының прокуратурасына концертті өткізбеуді және әртістің әрекеттерін терроризмді қаржыландыру белгілеріне тексеруді сұрап өтініш берген.

Бұған 2025 жылы түсірілген бейнежазба себеп болған. Онда Нұрлан Сабуровтың «Легион Вагнер Истра» деп аталатын ұйымға 10 мотоцикл сыйлағаны көрсетілген. Бұл бейне кейін әлеуметтік желілерде кеңінен тараған.

Бұған дейін, 2026 жылғы 30 қаңтарда Ресейдің құқық қорғау органдары Нұрлан Сабуровтың елге кіруіне 50 жылға шектеу қойғаны хабарланған болатын. Ресей тарапы бұл шешімді көші-қон және салық заңнамасын бұзумен түсіндірген. Осыдан кейін Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті әзілкештің әрекеттеріне қатысты тексеру жүргізіп, кейін заң бұзушылық анықталмағанын мәлімдеген.

Қазіргі уақытта Армения билігі концертті өткізу немесе тоқтату мәселесіне қатысты ресми шешім жариялаған жоқ.

Соңғы жаңалықтар