$ 441.77 € 502.38 ₽ 5.23

«Әрбір сарбаз өзін қауіпсіз сезінуі керек»: жаңа Қорғаныс министрі алғашқы кеңесін өткізді

Абдрахманов Мағжан
28 қыркүйек 2026, 17:03
«Әрбір сарбаз өзін қауіпсіз сезінуі керек»: жаңа Қорғаныс министрі алғашқы кеңесін өткізді Сурет авторы: Қорғаныс министрлігі

Жаңа Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметов ведомство басшылығымен алғашқы жұмыс кеңесін өткізіп, әскердегі көзбояушылықты азайту, әскери қызметшілердің қауіпсіздігін күшейту және жауынгерлік даярлықты жетілдіру жөнінде міндеттер қойды.

Жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың армияны кешенді жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын орындау мәселесі қаралды. Министрлік заманауи қауіп-қатерлер мен қарулы қақтығыстар тәжірибесін ескере отырып, әскерді басқару, жауынгерлік даярлық, қару-жарақ пен әскери техниканы дамыту тәсілдерін қайта қарамақ.

Әскери қызметшілердің қауіпсіздігіне жеке назар аударылды. Командирлерге әскери бөлімдердегі ахуалды жақсарту, тәрбие жұмысын күшейту және жарғыға жат қарым-қатынастарға жол бермеу тапсырылды.

Сарбаздарды даярлау бағдарламасы да қазіргі соғыс жағдайына бейімделмек. Оқыту кезінде ұшқышсыз жүйелерді, радиоэлектрондық күрес құралдарын, барлау мен байланысты қолдануға көбірек көңіл бөлінеді.

Әскерді басқаруда цифрландыру жалғасып, басы артық әкімшілік рәсімдер, есептер және практикалық маңызы жоқ кеңестер қысқартылмақ. Материалдық-техникалық жабдықтау кезінде де әскердің нақты қажеттілігі басшылыққа алынуға тиіс.

«Армия есептік көрсеткіштер мен көзбояушылық іс-шаралар үшін емес, нақты нәтижеге қол жеткізу үшін дамуы керек. Әрбір үдеріс, әрбір шешім және бөлінген әрбір ресурс практикалық нәтижеге ие болып, Қарулы күштердің жауынгерлік қабілетін арттыруға бағытталуы тиіс. Әрбір сарбаз өзін қауіпсіз сезінуі керек», – деді Мырзахметов.

Кеңесте Қорғаныс министрлігінде жүріп жатқан кешенді тексеру де талқыланды. Ведомствоның құрылымдық бөлімшелеріне комиссияға қажетті ақпараттың барлығын беру тапсырылды.

Айдос Мырзахметов Қорғаныс министрі қызметіне 27 қыркүйекте тағайындалған. Оның алдында ведомствоны басқарған Дәурен Қосанов қызметінен босатылды. Жаңа министрдің алғашқы кеңесі Маңғыстаудағы оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметші қаза тапқаннан кейін армияны реформалау мәселесі көтерілген тұста өтіп отыр.

Соңғы жаңалықтар