$ 467.63 € 547.69 ₽ 6.36

«Арамызда ешқандай түйткіл жоқ»: Тоқаев пен Ердоған келіссөз жүргізді

Абдрахманов Мағжан
14 мамыр 2026, 14:48
«Арамызда ешқандай түйткіл жоқ»: Тоқаев пен Ердоған келіссөз жүргізді Сурет авторы: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада Режеп Тайип Ердоғанмен шағын құрамда келіссөз жүргізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Түркия президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапарының маңызы жоғары екенін атап өтті.

“Сапарыңыздың мән-мағынасы ерекше, өте жоғары деп айтсақ артық болмайды. Себебі бұл, шын мәнінде, тарихи оқиға. Бұл сапар елдеріміздің ынтымақтастығына үлкен серпін беретініне ешқандай күмән жоқ. Екі ел арасында тек қана достық, бауырластық, мәңгілік серіктестік қарым-қатынас қалыптасқан. Арамызда ешқандай түйткіл немесе шешілмеген мәселе жоқ. Қош келдіңіз!” – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ ол былтыр Анкараға жасаған сапарын еске алып, Стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі кеңестің бесінші отырысында маңызды келісімдерге қол жеткізілгенін айтты. Бүгін алтыншы отырыс өтетіні және ірі бизнес форум ұйымдастырылатыны белгілі болды.

Өз кезегінде Ердоған көрсетілген құрмет пен қонақжайлық үшін алғыс айтты. Ол бұл сапар екі ел арасындағы ынтымақтастықты күшейтіп, бауырлас халықтардың байланысын арттыруға ықпал ететініне сенім білдірді.

“Қазақ елінің шекарасынан өткеннен қапталдаса ұшқан ұшақтармен қарсы алып, менің делегацияма үлкен құрмет көрсеттіңіздер. Бұл бізді ерекше қуантты. Әрине, мұны ұмытпаймыз. Бүгінгі сапар бауырлас халықтардың ынтымағын арттыруға зор септігін тигізеді деп сенемін”, – деді Түркия Президенті.

Келіссөздер барысында саяси, экономикалық және инвестициялық әріптестікті дамыту мәселелері талқыланды.

Соңғы жаңалықтар