$ 474.63 € 544.5 ₽ 5.92

Алматылықтар үйінен 500 метрге дейінгі аумақта көлігін тегін қоя алады

Абдрахманов Мағжан
30 шілде 2026, 13:10
Алматылықтар үйінен 500 метрге дейінгі аумақта көлігін тегін қоя алады Сурет авторы: instagram/ @almaty.parking

Алматыда көппәтерлі үйлердің тұрғындарына үйінен 500 метрге дейінгі аумақта орналасқан тұрақтардың бірін тегін пайдалануға мүмкіндік беретін тұрғын абонементі енгізіледі. Бұл өзгеріс мәслихат қабылдаған жол қозғалысын ұйымдастыру жобасында қарастырылған.

Алматы қаласы Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Ержан Диханбаевтың айтуынша, жаңа құжат тұрақтарды ақылы, коммуналдық және жекеменшік түрлерге бөледі. Сондай-ақ жол белгілерін орнату, ақпарат тақтайшаларын орналастыру, жұмыс тәртібі мен төлем тәсілдеріне қойылатын талаптарды айқындайды.

Жаяужол бойындағы коммуналдық тұрақтар сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Төлем минутына қарай есептеледі. Жолаушы отырғызу немесе түсіру үшін алғашқы бес минут, ал ашық тұрақтан шығу үшін он минут тегін беріледі.

Төлемнің жасалғаны жылжымалы және тұрақты бейнебақылау құрылғылары арқылы тексеріледі. Ардагерлер, мүгедектігі бар адамдар, көпбалалы аналар, электр көлігінің иелері мен жедел қызмет көліктері бұрынғыдай тұрақ ақысын төлемейді.

Жаңа тәртіп бойынша көппәтерлі үйдің тұрғындары үйінен 500 метрге дейінгі аумақта орналасқан кез келген таңдалған тұраққа бір көлігін тегін қоя алады. Алайда белгілі бір тұрақ орны жеке адамға бекітілмейді.

Абонементті үй-жай иелері, олардың келісімімен бірге тұратын адамдар және тіркелген жалдау шарты бар пәтер жалдаушылар рәсімдей алады.

Соңғы жаңалықтар