$ 458.87 € 535.09 ₽ 5.42

Алматыдан Ташкентке қатынайтын халықаралық пойызда алғаш рет әйелдер вагоны іске қосылады

Редакция
27 тамыз 2026, 09:47
Алматыдан Ташкентке қатынайтын халықаралық пойызда алғаш рет әйелдер вагоны іске қосылады Сурет авторы: АО "Пассажирские перевозки"

Қазақстандық теміржол тасымалдаушысы халықаралық бағытта бұрын-соңды болмаған жаңа сервисті іске қосуда. «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, 1 қазаннан бастап Алматы – Ташкент бағытындағы №1/2 халықаралық пойызының құрамында алғаш рет арнайы әйелдер вагоны қатынай бастайды.

Бұл шешім жолаушылар ағынының өсуіне және аталған қызметке деген жоғары сұранысқа байланысты қабылданды. Соңғы жылдары еліміздің ішкі теміржол бағыттарында енгізілген әйелдер вагондары өз тиімділігін толық дәлелдеді. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, бұл қызмет іске қосылған сәттен бастап оны 946 мыңнан астам жолаушы пайдаланған. Енді бұл танымал әрі жайлы формат халықаралық қатынасқа да енгізіліп отыр.

Екі ел астанасы мен ірі мегаполистерін байланыстыратын пойыз күн сайын қатынайды. Қозғалыс кестесі төмендегідей белгіленген:

  • Алматы станциясынан жөнелтілуі – сағат 19:05-те;

  • Ташкент станциясына келуі – келесі күні сағат 12:53-те;

  • Ташкент станциясынан кері қайтуы – сағат 14:41-де;

  • Алматы станциясына келуі – келесі күні сағат 08:51-де.

Белгіленген ережеге сәйкес, әйелдер вагонында ересек әйелдердің сүйемелдеуімен 7 жасқа дейінгі (қоса алғанда) ұл балалардың да жүруіне рұқсат етіледі.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы жолаушыларға билеттерді ресімдеу кезінде вагон түрінің «ЖН» арнайы белгісіне мұқият назар аударуды ескертеді. Сондай-ақ жол жүру құжаттарын сату сапарға 45 тәулік қалғанда басталатынын хабарлайды.

Қазіргі уақытта әйелдер вагондары ел ішіндегі №77/78 Алматы – Манғыстау, №351/352 Алматы – Манғыстау, №45/46 Павлодар – Түркістан, №37/38 Манғыстау – Семей, №47/48 Атырау – Астана, №33/34 Ақтөбе – Алматы, №3/4 Астана – Алматы, №71/72 Астана – Шымкент, №353/354 Астана – Семей, №23/24 Ақтөбе – Алматы, №25/26 Алматы – Шымкент, №613/614 Орал – Манғыстау және №81/82 Нұрлы жол – Орал бағыттарында табысты жұмыс істеп тұр.

Соңғы жаңалықтар