$ 472.48 € 550.06 ₽ 6.59

Алматыда жалған құжатпен тендер ұтқандар анықталды

Абдрахманов Мағжан
26 мамыр 2026, 11:11
Алматыда жалған құжатпен тендер ұтқандар анықталды Сурет авторы: Ulysmedia

Алматыда мемлекеттік сатып алуларда жеңіске жету үшін жалған құжаттар сату фактісі анықталды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.

Тергеу мәліметінше, «КазСтройОпыт LTD» компаниясының басшысы басқа фирмаларға жалған құрылыс тәжірибесін рәсімдеп берген. Ол үшін «Электронды депозитарий» жүйесіне орындалған жұмыстар актілері мен пайдалануға берілген нысандар туралы жалған құжаттар жүктелген.

Нәтижесінде компаниялар мемлекеттік сатып алуларда заңсыз артықшылыққа ие болған.

Агенттік мәліметінше, мұндай қызметтер ашық түрде әлеуметтік желілерде жарнамаланған. Іс бойынша 11 адам күдікке ілінген.

Сондай-ақ тергеу барысында Шымкент қаласының сәулет басқармасы қызметкерлеріне жалған тәжірибені растау үшін делдалдар арқылы ақша берілгені анықталған.

Қылмыстық схемадан түскен заңсыз табыс 490 млн теңгеден асқан. Тергеушілер 56 компанияның жалған құжаттар арқылы тендерге қатысқанын анықтады.

Қазіргі уақытта үш күдікті қамауға алынған, тағы сегізі ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылған.

Соңғы жаңалықтар