$ 470.46 € 543.1 ₽ 5.86

Алматыда тұрғындардың мазасын алған қайыршылар елден шығарылмақ (ВИДЕО)

Абдрахманов Мағжан
03 сәуір 2026, 11:22
Алматыда тұрғындардың мазасын алған қайыршылар елден шығарылмақ (ВИДЕО) Сурет авторы: threads желісінен

Алматы қаласының полициясы қала көшелерінде тұрғындарға қоқан-лоқы көрсетіп, мазасын алған қайыршылар тобын анықтап, ұстады.

Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде Алматының орталық көшелері мен саябақтарында, әсіресе 28 панфиловшылар саябағында жүрген қыздарға қатысты шағымдар көбейген. Тұрғындардың айтуынша, олар тек ақша сұрап қана қоймай, агрессия танытып, адамдарды қорқытқан.

Жәбірленушілердің сөзінше, бұл топтың әрекеті қайыр тілеудің шеңберінен шығып кеткен. Олар өтіп бара жатқан адамдардың заттарына жармасып, тартып алуға тырысқан, ақша бермегендерге су шашып, тас лақтырған. Сондай-ақ дәмханаларда отырған адамдардың сөмкелерін жұлып алып қашуға әрекет жасаған. Кейбір жағдайда балалар мен әйелдерге қол көтергені де айтылды.

Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбалар мен тұрғындардың арыздарынан кейін Алматы қалалық полиция департаменті жедел іздестіру шараларын жүргізген. Нәтижесінде заңға қайшы әрекеттер жасаған қыздар полиция бөлімшесіне жеткізілді.

Полиция мәліметінше, ұсталған жасөспірімдер Тәжікстан Республикасының азаматтары болып шыққан. Олар Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Олармен профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Тексеру нәтижесінде олардың заңды өкілдері балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар аталған тұлғаларды Қазақстан аумағынан шығару мәселесі көші-қон заңнамасы аясында қарастырылып жатыр.

Соңғы жаңалықтар