$ 502.57 € 591.68 ₽ 6.42

Алматыда "Сергек" саны артады

Абдрахманов Мағжан
30 желтоқсан 2025, 13:20
Алматыда "Сергек" саны артады Сурет авторы: gov.kz

Алматы қаласында 2026 жылы қосымша 350 «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешенін орнату жоспарланып отыр. Бұл туралы қалалық мәслихат отырысында Алматы қаласы цифрландыру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мейрам Дүйсеков хабарлады.

Оның сөзінше, «Сергек» жобасы бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы келісім 2025 жылғы 31 желтоқсанда аяқталады. Осыған байланысты басқарма жобаның қазіргі операторы – «Көркем Телеком» ЖШС-мен келісімшартты 2026 жылдың соңына дейін бір рет ұзартуды ұсынып отыр.

Келісім мерзімі ұзартылған жағдайда, қосымша 350 «Сергек» кешені жеке әріптестің қаражаты есебінен орнатылады. Сонымен қатар қызмет көрсету тарифі 2021 жылғы деңгейде қалып, өсірілмейді.

Қалалық мәслихат депутаттары бұл ұсынысты толық қолдады.

Қазір Алматыда 1 641 «Сергек» кешені жұмыс істеп тұр. Олар жалпы саны 9 152 бейнекамераны қамтиды. Жүйе жол қозғалысы ережелерін бұзудың бірнеше түрін, атап айтқанда, қиылыстарда дұрыс емес қатар ауыстыруды, стоп-сызықтан өту, автобус жолағын пайдалану, жылдамдықты арттыру, бағдаршамның қызыл түсіне өту, рұқсат етілмеген жерге тоқтау, тұтас сызықты кесіп өту, жаяу жүргіншіні өткізбеу, сондай-ақ жүргізуші мен алдыңғы орындықтағы жолаушының қауіпсіздік белдігін тақпау фактілерін тіркейді.

Соңғы жаңалықтар