$ 501.75 € 591.96 ₽ 6.52

Алматыда курьерлердің қыз-келіншектерге тиісу фактілерінен кейін жеткізу сервистеріне талап күшейтіледі

Абдрахманов Мағжан
26 ақпан 2026, 10:14
Алматыда курьерлердің қыз-келіншектерге тиісу фактілерінен кейін жеткізу сервистеріне талап күшейтіледі Сурет авторы: Depositphotos

Алматыда жеткізу қызметтерінің курьерлеріне қатысты шағымдардан кейін агрегатор компанияларға қойылатын талаптар күшейтілмек. Бұған тапсырыс жеткізу кезінде қыз-келіншектерге тиісу фактілері себеп болған.

Қалалық полиция департаментінде жеткізу сервистері, прокуратура және қала қызметтерінің қатысуымен кеңес өтті. Онда курьерлердің әдепсіз әрекеттеріне байланысты түскен шағымдар талқыланды.

Атап айтқанда, гүл жеткізген курьердің тапсырыс беруші қызға тиісу фактісі тіркелген. Осы оқиғадан кейін билік өкілдері агрегатор компанияларға бақылауды күшейту қажеттігін мәлімдеді.

Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдулдинов курьерлердің тұрғын үйлердің кіреберістеріне және клиенттердің жеке байланыс деректеріне қол жеткізетінін атап өтті.

– Сондықтан оларды бақылау қатаң болуы тиіс, – деді ол.

Кеңес барысында бірқатар шара ұсынылды: курьерлерді биометриялық сәйкестендіру, аккаунттарды үшінші тұлғаларға беруге тыйым салу, тек заңды түрде рәсімделген қызметкерлерді жұмысқа тарту және жол қозғалысы ережелерін сақтауға бақылауды күшейту.

Билік өкілдері компаниялар тәртіп орнатпаса, жеткізу сервистеріне қатысты реттеу мен жауапкершілік шаралары қатаңдатылатынын ескертті.

Соңғы жаңалықтар