$ 467.48 € 539.52 ₽ 5.73

Алматыда ірі көлемде синтетикалық есірткі тасымалдаған күдікті ұсталды

Редакция
07 тамыз 2026, 09:57
Алматыда ірі көлемде синтетикалық есірткі тасымалдаған күдікті ұсталды Сурет авторы: triumf.center

Алматы қаласында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мен Түрксіб аудандық полиция басқармасының өкілдері бірлесіп жүргізген арнайы жедел-іздестіру шаралары барысында ірі көлемде синтетикалық есірткі тасымалдаған азамат ұсталды. Жедел уәкілдердің мәліметінше, ол ғаламтор арқылы психотроптық заттарды таратумен айналысатын заңсыз интернет-дүкеннің курьері болып жұмыс істеген.

Күдіктіні ұстау сәтінде оның басқаруындағы автокөлікті тексеру кезінде ұнтақ тәрізді заты бар 135 арнайы орама табылды. Одан бөлек, осы аумаққа жақын орналасқан жасырын орыннан тағы 35 бума тәркіленді.

Құқық қорғау органдары күдіктінің тұрғылықты жеріне тінту жұмыстарын жүргізу барысында есірткі затын өлшеп-орауға арналған электронды таразылар мен арнайы қаптама материалдарын анықтады. Сондай-ақ жедел-іздестіру шараларының екінші кезеңінде Алматы облысының аумағында оның кезекті жасырын орны әшкереленіп, ол жерден салмағы екі килограмға жуықтайтын синтетикалық зат тәркіленді.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып,  сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау оқшаулағышына қамауға алынды. Полиция департаменті заңсыз есірткі айналымына қатысты тексеру жұмыстарын одан әрі жалғастырып жатыр.

Соңғы жаңалықтар