$ 472.03 € 540.29 ₽ 6.11

Алматыда Баум тоғайында үстіне ағаш құлаған қыз бір аптадан бері комада жатыр

Абдрахманов Мағжан
03 шілде 2026, 17:21
Алматыда Баум тоғайында үстіне ағаш құлаған қыз бір аптадан бері комада жатыр Сурет авторы: видеодан кадр

Алматыдағы Баум тоғайында серуендеп жүрген 19 жастағы қызға ағаш құлап, ауыр жарақат алды. Ол бір аптаға жуық уақыттан бері комада жатыр. Оқиғаға қатысты Алматы әкімдігі түсініктеме берді.

Оқиға 27 маусым күні сағат 15:00 шамасында болған. Қыздың туыстарының айтуынша, ол отбасымен серуендеп жүрген кезде үстіне үлкен қураған ағаш құлаған. Олардың сөзінше, сол сәтте қатты жел де, жаңбыр да болмаған.

Жарақат алған қыздың әпкесі әлеуметтік желіде оның бас сүйегі бірнеше жерден сынғанын, жамбас сүйегі мен аяғы сынғанын жазды. Дәрігерлер оның өмірі үшін күресіп жатыр. Ауыр бас-ми жарақатына байланысты миға ісік түсу қаупі әлі де жоғары.

Алматы әкімдігі оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, тоғай аумағында ағаштардың құлау қаупі туралы ескерту тақтайшалары орнатылған.

Әкімдік Баум тоғайы 1877 жылы отырғызылғанын, ағаштардың 70 пайыздан астамы әбден қартайғанын атап өтті. Сондықтан сырт көзге сау көрінетін ағаштардың өзі құлап кету қаупі сақталады.

Биыл тоғайдағы 2 мың қураған, ауруға шалдыққан және апатты ағашты кесуге рұқсат берілген. Оның мыңға жуығы кесіліп, аумақтан шығарылған. Қалған ағаштарды жыл соңына дейін жою жоспарланып отыр.

Еске салайық, Баум тоғайын қайта жаңғырту жұмыстары биыл мамыр айында аяқталған болатын. Сол кезде әкімдік тоғайдағы ағаштардың шамамен 9 пайызы апатты жағдайда екенін мәлімдеген еді.

Соңғы жаңалықтар