$ 503.44 € 593.35 ₽ 6.55

Алматыда автобус жүргізушісі рөлде отырып қайтыс болды

Абдрахманов Мағжан
27 қаңтар 2026, 10:38
Алматыда автобус жүргізушісі рөлде отырып қайтыс болды Сурет авторы: pixabay

Алматы қаласында №92 бағыттағы автобус жүргізушісі жұмыс барысында қайтыс болды. Оқиға 25 қаңтар күні Абай даңғылы мен Сайын көшесінің қиылысында болған. Бұл жөнінде «Алматыэлектротранс» ЖШС баспасөз қызметі хабарлады.

Компанияның мәліметінше, автобус қиылысқа жақындаған сәтте жүргізушінің жағдайы күрт нашарлаған. Сол кезде жолаушылардың бірі жедел әрекет етіп, жүргізуші кабинасына кіріп, тежегішті басқан. Бұл ықтимал ауыр зардаптардың алдын алуға мүмкіндік берген. Жолаушылар бірден жедел жәрдем шақырған.

Оқиға орнына келген медицина қызметкерлері жүргізушінің қайтыс болғанын анықтаған. Алдын ала диагноз – жедел миокард инфаркті. Белгілі болғандай, марқұм сол күні таңертең міндетті медициналық тексеруден өткен. Ол компанияда 2023 жылдың тамыз айынан бері жұмыс істеген.

«Автобусқа техникалық зақым келген жоқ, жолаушылар арасында зардап шеккендер жоқ. Қажетті тергеу шараларынан кейін көлік паркке жеткізілді», – деп хабарлады «Алматыэлектротранс».

Компания марқұмның отбасына көңіл айтып, қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар