$ 499.65 € 582.89 ₽ 6.47

Алматыда ауаны ластаған жүргізушілерге 350 миллион теңгеден астам айыппұл салынды

Дулат Абдраманов
01 қараша 2025 10:49 83
Алматыда ауаны ластаған жүргізушілерге 350 миллион теңгеден астам айыппұл салынды Сурет авторы: otyrar.kz

Алматыда көліктерден шығатын зиянды түтін мен газ қаланың экологиялық ахуалына айтарлықтай әсер етіп отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Экология департаментінің басшысы Дінмұхамед Лесбеков мәлімдеді.

Мамандардың айтуынша, мегаполисте бүгінде 706 мыңнан астам автокөлік тіркелген. Бұдан бөлек, күн сайын қалаға шамамен 400 мыңдай көлік кіріп-шығады. Қала ауасының сапасын бақылау мақсатында 19 экологиялық бекет жұмыс істейді.

– Биылғы жылдың тоғыз айында ауаға зиянды заттарды шекті мөлшерден артық бөлген 18 мыңнан астам көлік иесі анықталды. Нәтижесінде 355 миллион теңгеден астам айыппұл салынды, – деді Лесбеков.

Ол сонымен қатар қала көшелерінде әлі де қою түтін шығаратын көліктер көп екенін атап өтті.

– Егер көлігіңізде техникалық ақау болса, оны уақытылы жөндеңіз. Себебі бәріміз бір ауамен тыныс аламыз. Алматының ауасын таза сақтау – әр азаматтың борышы, – деді ведомство басшысы.

Экология департаменті қазір қаладағы ауа сапасын жақсартуға бағытталған жаңа ережелерді әзірлеп жатыр. Құжатта зиянды заттардың таралуын азайту, экологиялық бақылауды күшейту, «таза аймақтарды» дамыту және ауа сапасын тұрақты мониторингтеу жүйесін жетілдіру шаралары қарастырылған.

Соңғы жаңалықтар