$ 474.04 € 555.01 ₽ 6.45

Алматы тұрғыны өзіне фельдшер тиіскенін айтты: медицина қызметкері мұны жала деп отыр

Редакция
15 мамыр 2026, 15:31
Алматы тұрғыны өзіне фельдшер тиіскенін айтты: медицина қызметкері мұны жала деп отыр Сурет авторы: әлеуметтік желіден

Алматыда жедел жәрдем фельдшері мен қала тұрғыны арасында жанжалға байланысты тексеріс басталды. Бұл туралы Алматы қаласының полиция департаменті хабарлады.

Әлеуметтік желіде әйел фельдшерді әдепсіз әрекет жасады деп айыптаған. Оның айтуынша, медицина қызметкері денені тексеру сылтауымен интимдік жерлерін уқалап, тиіскен. Сондай-ақ ол өзін күштеп ұстап қалмақ болғанын мәлімдеген.

Полиция аталған жағдай бойынша тексеру жүргізіп жатқанын хабарлады. Ведомство барлық мән-жайды анықтап, қатысушылардың әрекетіне құқықтық баға беретінін мәлімдеді.

Ал Жедел медициналық жәрдем қызметі өз кезегінде жүргізілген қызметтік тексеріс шағымды растамағанын хабарлады. Мәліметке сәйкес, фельдшер бекітілген медициналық хаттамаларға сай әрекет еткен.

Қызметтің мәлімдеуінше, пациентке ауруханаға жатқызу ұсынылған, бірақ ол бас тартқан. Медик жүрек патологиясын анықтау үшін электрокардиография жасаған.

Оқиғадан кейін фельдшер де өз ар-намысы мен беделін қорғау үшін құқық қорғау органдарына арыз түсірген.

Қазіргі уақытта іс бойынша тексеру жалғасып жатыр.

Соңғы жаңалықтар