$ 509.63 € 592.34 ₽ 6.54

Алматы тауларында жоғалған 18 жастағы қыздың денесі табылды

Абдрахманов Мағжан
21 желтоқсан 2025, 10:27
Алматы тауларында жоғалған 18 жастағы қыздың денесі табылды Сурет авторы: 112almaty

Алматы тауларында сноубордпен сырғанауға шығып, жоғалып кеткен 18 жастағы қыздың денесі табылды. Бұл туралы Алматы қалалық төтенше жағдайлар қызметі хабарлады.

Қыз 18 желтоқсан күні тауға жалғыз өзі шыққан. Ол Букреев шыңының маңына барған. Кешке қарай туыстарына төмен қарай түсіп келе жатқанын айтқан, бірақ көп ұзамай байланыс үзілген. Осыдан кейін жақындары алаңдап, құтқару қызметіне хабар берген.

Іздеу жұмыстары келесі күні басталды. Таулы аймақты құтқарушылар, полиция қызметкерлері мен еріктілер тексерді. Арнайы ұшатын аппараттар мен із кесуші иттер де қолданылды.

20 желтоқсан күні түстен кейін құтқарушылар қыздың денесін Бутаков сарқырамасының маңынан тапты. Ол теңіз деңгейінен шамамен 2100 метр биіктікте болған. Қыздың денесі төменге түсіріліп, полиция қызметкерлеріне тапсырылды. Қазір сот-медициналық сараптама тағайындалды.

Іздеу жұмыстарына барлығы 70-тен астам адам, бірнеше арнайы көлік, ұшатын аппараттар мен кинологтар қатысқан.

Демалыс орнының әкімшілігі оқиғаның арнайы дайындалған жолдардан тыс жерде болғанын мәлімдеді. Қыз тауға тіркелмей, жалғыз шыққан.

Құтқарушылар тұрғындарды тауға жалғыз бармауға, ауа райын ескеруге және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Бұған дейін синоптиктер қолайсыз ауа райы болатынын ескерткен.

Соңғы жаңалықтар