$ 447.73 € 502.98 ₽ 5.35

Алматы облысында жылына 1 млрд литр сусын өндіретін жаңа зауыт ашылды

Редакция
02 қазан 2026, 17:42
Алматы облысында жылына 1 млрд литр сусын өндіретін жаңа зауыт ашылды Сурет авторы: Фото: Бекарыс Сейдахметов

Алматы облысының Іле ауданындағы Боралдай ауылында Carlsberg Kazakhstan компаниясының алкогольсіз сусындар өндіретін жаңа зауыты ресми түрде іске қосылды. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 1 млрд литрге дейін сусын шығаруға мүмкіндік береді. 

Жаңа өндіріс орнының ашылу рәсіміне Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов, Дания Корольдігінің Сыртқы істер министрі Ларс Лёкке Расмуссен, Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, ауыл шаруашылығы саласының өкілдері, сондай-ақ Carlsberg Group пен PepsiCo компанияларының басшылығы қатысты.  

Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әріновтің айтуынша, жаңа зауыттың іске қосылуы өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, инвестициялық белсенділікті күшейтуге мүмкіндік береді. Кәсіпорынның құрылысына 344 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынған. 

Данияның Сыртқы істер министрі Ларс Лёкке Расмуссен Қазақстанға салынған инвестициялар екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға ықпал ететінін атап өтті. 

«Алматыда болғаныма қуаныштымын. Бұл жобаға атсалысқан барлық азаматтарға алғысымды білдіремін. Қазақстанға бағытталған инвестициялар жаңа мүмкіндіктер мен өзара қызығушылыққа жол ашады. Бұл бастама Қазақстан мен Дания арасындағы достық пен ынтымақтастықты одан әрі нығайтады», – деді Ларс Лёкке Расмуссен. 

 

Фото: Рахат Жора 

Carlsberg Group бас директоры Якоб Ааруп-Андерсен Қазақстандағы жобаны компания үшін жаңа кезеңнің басталуы деп бағалады. Оның сөзінше, Қазақстан Орталық Азиядағы экономикалық және сауда әлеуеті жоғары мемлекеттердің бірі. 

«Қазақстанмен ынтымақтастық – Carlsberg үшін жаңа бастама. Бізге қолдау көрсетіп, сенім білдіргендеріңіз үшін алғыс айтамыз», – деді компания басшысы. 

PepsiCo-ның Еуропадағы аға вице-президенті әрі бас директоры Наталья Филиппосьянц жаңа өндіріс орнының ашылуын Қазақстан мен Дания арасындағы ынтымақтастықтың маңызды кезеңі деп атады: 

 «Бүгін жаңа бастаманың тарихы жазылатын күн. Бұл зауыттың ашылуы жаңа жұмыс орындарына, жаңа мүмкіндіктерге және жаңа бастамаларға жол ашады».  

Жаңа кәсіпорында шамамен 230 жұмыс орны құрылып, өндірілген өнім Қазақстан нарығымен қатар, көршілес елдерге де экспортталуы жоспарланып отыр. 

 

Фото: Рахат Жора 

Carlsberg Kazakhstan-ның жаңа зауыты Қазақстандағы алкогольсіз сусындар өндірісін дамытуға, жергілікті өндіріс көлемін арттыруға және елдің инвестициялық әлеуетін күшейтуге бағытталған. 

Автор: Бекарыс Сейдахметов, Рахат Жора 

Соңғы жаңалықтар