$ 543.24 € 619.89 ₽ 6.78

Алматы облысында сотталғандар түрмеде несие рәсімдеп, құмар ойнаған

Редакция
14 мамыр 2024 08:00 4059
Алматы облысында сотталғандар түрмеде несие рәсімдеп, құмар ойнаған Сурет авторы: Toru Hanai / Reuters

Алматы облысының прокуратурасы түзеу мекемелерінде заңсыздықтарды анықтады.

Прокуратура мәліметінше, сотталғандар ұялы телефон арқылы онлайн сатып-алу, несие рәсімдеген және букмекерлік кеңселер мен онлайн-казино арқылы құмар ойындарға қатысқан. Түрмедегі ақша айналымы 3 млрд теңгеден асқан.

«№10-шы мекеменің сотталғандары, мобильді құрылғыларды қолдана отырып, рұқсат етілген және тыйым салынған заттарды мекеме ішінде сатқан. Аталған дерек бойынша Алматы облысының прокуратурасымен ҚК-нің 361-бабы 2-1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді»,- деп хабарлады ведомстводан.

Іле аудандық сотының үкімімен осы мекеменің үш қызметкеріне түрлі жазалау шарасы қабылданды.

Бұдан басқа, облыс прокуратурасы ҚК-нің 361-бабы 2-1-бөлігі бойынша №12 және №57 мекемелердің қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, №57 мекеме бастығына қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. 

«Анықталған деректер, қылмыстық-атқару жүйесіндегі мекеме қызметкерлерінің қатысуымен бұзушылықтардың жалғасып жатқандығын айғақтайды. Тергеу жалғасуда және қазіргі уақытта ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялануға жатпайды»,- деп атап өтті Алматы облыстық прокуратурасы.

Соңғы жаңалықтар